Кітапхана қонағы - ақын Қасымхан Бегманов
«Қазақ деп мұңға баттым мен,
Қазақ деп жылап жаттым мен» -деп жырлаған қазақ поэзиясының белді өкілі, ұлтжанды ақын Қасымхан Бегманов бүгін кітапханаға келді.
Қасымхан Бегманов – Қазақстан Жастар одағы және Халықаралық Алаш сыйлықтарының лауреаты. Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма мүшесі, Журналистер одағының мүшесі, ұлттық салт-дәстүр журналы «Дәстүрдің» бас редакторы.
Автор кездесуде өзі бас редактор болып жүрген «Дәстүр» журналы - халқымыздың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, арғы-бергі тарихы, көне мәдениеті, ескі сөздері, ұлттық киімі, тағамы, төрт түлік малы, ырымдары мен тыйымдары, жорамалдары, саятшылық дәстүрі, қазақ күнтізбесі, түс жоруы, жыл қайыруы, жеті ата жолы, жеті қазынасы, қазақ өлшемдері, бүгіні мен келешегі туралы келелі әңгіме қозғады. Мемлекетшілдік пен ұлтжандылық туралы айта келіп, алаш ардақтысы М. Шоқайдың өмірінен сыр шертті. Оқырман қауым ақынның «Бақыт деген не?», «Ташкентпен қоштасу» «Қоңыр» атты өлеңдерін үлкен ықыласпен тыңдады.
Қасымхан ақын - 1958 жылы тамыз айының 4 жұлдызында ОҚО Кентау қаласында дүниеге келген. «Қарашық» (1990), «Бесіктен бейітке дейін» (1997), «Сағыныш» (2000), «Ол көктем оралмайды» (2006), «Менің Түркістаным» (2008), «Ақ жаңбырлар әуені» (2010) және екі томдық таңдамалы жыр кітаптары (2008) жарық көрген. «Этнографпен әңгіме» (2010), «Салты мықтының – халқы мықты» (2011) атты этнографиялық кітаптардың авторы. «Мұстафа Шоқай жолымен» атты екі томдық (2012) бірінші рет, мемлекеттік бағдарлама бойынша «Сороба» қоғамдық қорынан (2013) екінші рет көлемді тарихи зерттеу кітабы жарық көрді. «Мұстафа Шоқай жолымен» атты төрт бөлімнен тұратын тарихи деректі фильмі еліміздегі орта мектептерде тарих пәніне қосымша электрондық оқулық ретінде бағдарламаға енген.
Өлеңдері орыс, өзбек, қырғыз, түрік, якут, қытай халықтарының тілдеріне аударылған. Кездесу соңында елге кең тараған жүзге жуық ән өлеңдерінің авторы ретінде оқырмандарға аудио жазбасын таратты. Халық жүрегіне жылы тиетін ұлттық салт-дәстүрді насихаттау жас ұрпаққа өте қажет. Сондықтан осы кездесу соңғы емес, күзге қарай тағы айналып соғатынын ескерткен ақынға оқырмандар сәт –сапар тіледі.
Статистика
- Қолданушылар : 6
- Материалдар : 2881
- Материалды қарау саны : 25950971
+7(7232) 261-333 |
+7(7232) 609-087 |
director@pushkinlibrary.kz |
ШҚО, Өскемен қаласы Қазақстан к. 102 |