ТҰЛҒА.ТАҒДЫР.ТАҒЫЛЫМ: 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні
- Толығырақ
- Құрылды 25.05.2022 14:55
А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында мамыр айының ортасынан бастап «ТҰЛҒА.ТАҒДЫР.ТАҒЫЛЫМ: Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» атты интерактивті әдебиеттер көрмесі жұмыс істейді.
Тарихымыздағы «тар жол, тайғақ кешулердің» бәрі азаттық жолындағы арпалыс, тәуелсіздік жолындағы талпыныс екені сөзсіз. Ұлт жадынан өшіруге болмайтын сондай қасіретті кезеңдердің бірі – XX ғасырдың басындағы ашаршылық зобалаңы мен саяси репрессия.
Кітап көрмесінен орын алған түрлі басылымдар, зерттеу материалдары, құжаттар, көркем әдеби шығармалар бір әулеттің немесе ауылдың ғана емес, тұтас халықтың басына түскен алапат қасірет жайлы баяндайды. Көрмеден орын алған «Ашаршылық. Деректі хроника: құжаттар жинағы» саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған бес томдық жинақта қазақ даласын жайлаған ашаршылыққа қатысты 1928-1934 жылдар аралығын қамтитын нақты құжаттар мен деректер жинақталған. Осы басылым арқылы алапат аштықтың себептері, трагедиялық салдары туралы нақты мәліметтер және басқа да құнды деректер көпшілік үшін қолжетімді болып отыр. Т. Омарбековтың «20-30-жылдардағы Қазақстан қасіреті», «1937-2007 тауқымет пен тағзым», В. Михайловтың «Ғаламат жұт шежіресі», М. Әбдәкімұлының «Зобалаң» деректі шығармалары да зұлмат жылдар тарихын аша түседі.
Кітап көрмесінің бір бөлімі елінің азат болашағы үшін күрес жолында жанын беріп, «халық жауы», «ұлтшыл» атанған Алашордашыларға арналады: «Алаштың арда ұлдары», «Құжаттардағы Алашорда», Алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлының өмірі мен қызметін тұңғыш рет мұрағат құжаттары, фактілерге сүйене отырып қайта жаңғыртқан С. Аққұлының «Қазақ жерінің жоқшысы» екі томдық жинағы, алғашқы «Қазақ елінің Уставын» жасаушы Барлыбек Сырттанұлының өмірі мен қызметіне арналған «Барлыбек Сырттанұлы» және «Алаш кітапханасы» сериясымен жарық көрген Е. Нұрахметтің «Алаш арысы – Біләл Малдыбайұлы», Б. Сүлейұлының «Үміт» т.б. көптеген басылымдар.
Сонымен қатар, биылғы жылы Алаш қозғалысының жетекшілерінің бірі, ғалым, ағартушы, қоғам қайраткері 1937 жылы саяси қуғындалған Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толып отыр. Көрмеге қойылған Р.С. Имаханбетованың «Ғасыр саңлағы» монографиясы ғалымның өмір жолы мен қоғамдық қызметтеріне арналған.
ХХ ғасырдың бас кезінде Алаш қозғалысына қатысқан тұлға, белгілі жазушы, «Абай жолы» романының авторы Мұхтар Әуезов туралы әдебиеттер де көрме төрінен отын алған.
Карлаг лагерінде айдауда болған саяси қуғын-сүргін құрбандары – қылқалам шеберлерінің туындылары топтастырылған «Карлагтың қара қарындашымен...» еңбегі мен репрессияланған қазақстандықтардың балаларының естеліктері жинақталған «Жоқтау» жинағы да оқырманның ерекше қызығушылығын тудырары сөзсіз. Сондай-ақ Қ. Мұхамедханов пен оның әкесі жайлы жақындарының естеліктері, хаттары және мақалалары жинақталған «Әке мен бала Мұхамедхан Сейітқұлов пен Қайым Мұхамедханов – Отан патриоттары» басылымымен, Қайым Мұхамедхановтың әр ісіне шексіз сенім білдіріп, оның архивтерін, қолжазбаларын, хаттарын сақтап қалған қайсар да адал жары Фархинур Мұхамедхановаға арналған «Менің анам Фархинұр Мұхамедханова» кітабымен де көрмеден танысуға болады.
Көрмеден қуғын-сүргін жылдарының Шығыс Қазақстан өлкесіне әсері жайлы еңбектер де орын алған: жерлес жазушы, журналист, Ұлы Отан соғысының ардагері Меңғали Мусиннің архив материалдары мен лагерьден аман оралғандардың әңгімелерін арқау еткен «Түнекте тұншыққандар» жинағы, саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Шығыс Қазақстан облысы азаматтарының тізімі жарияланған «Книга скорби» жинағы.
Осы көрмедегі әдебиеттер тамырлы тарихымыздың қасіретті жылдары туралы тереңірек білуге шақырады.
Байланыс тел.: 26-13-33 (119)
Статистика
- Қолданушылар : 6
- Материалдар : 2881
- Материалды қарау саны : 26323278
+7(7232) 261-333 |
+7(7232) 609-087 |
director@pushkinlibrary.kz |
ШҚО, Өскемен қаласыҚазақстан к. 102 |



















































































+7(7232) 261-333
+7(7232) 609-087
ШҚО, Өскемен қаласы