«Абай – кемеңгерліктің биік шыңы»
- Толығырақ
- Құрылды 10.08.2021 14:50
10 тамыз - Үкімет Қаулысымен Абай күні болып бекітіліп, Қазақстан Республикасының мерекелік күнтізбесіне енген күн. Осыған орай, Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында «Абай – кемеңгерліктің биік шыңы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрме Абайды терең зерттеген әдебиетіміздің ірі өкілдері Шәкәрім Құдайбердиев, Мұхтар Әуезов, Қайым Мұхамедхановтарға арналған «Ұлылар үндестігі» бөлімімен басталып отыр. Бөлімге, «Шәкерім және Мұхтар», Ғ. Есім «Ғұлама-наме», Д. Омаров «Шәкәрім шыңы», М. Әуезов «Абай Құнанбаев», «Абайды білмек парыз ойлы жасқа», А. Картаева «Абай және Әуезов : ұлылар үндестігі», Қ. Мұхамедханов «Хаттар сөйлейді», «Қайым туралы сөз» және т.б. әдебиеттер жинақталған.
Ал, «Абайтану» бөлімінде Абайдың шығармашылық мұрасын, болмыс-бітімін, таным-парасатын жан-жақты баяндайтын М. Әуезов «Абайтану дәрістерінің дерек көздері», «Абайтану. Таңдамалы еңбектер», М. Мырзахметұлы «Абайтану», Е. Сыдықов «Абайдың ғұмырнамасы», басқа да көптеген әдебиеттер топтастырылып отыр.
Көрмедегі жерлес жазушы Б. Щербаковтың «Жидебайдың жұлдызды даласы», С. Оразалиновтың «Абай елі», «Мәңгілік тұлға – ұлы Абай», Ә. Тарақовтың «Ғаламның жыр данасы», Т. Жұртбайдың «Бесігіңді аяла» және Өскеменде жарық көрген «Абай әлемін ашу» эссе жинағы, т.б. еңбектер Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректер мен қызықты мағлұматтар береді.
Қазақ әдебиеті поэзиясындағы шоқтығы биік дана тұлға Абайдың артында қалдырған терең ойға толы: «Өлең сөздің патшасы», «Қалың елім, қазағым», «Өкінішті көп өмір өткен өтіп...», «Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла...», «Қара көңілім оянсын», «Абайдың үш тілдегі жиырма өлеңі» атты өлең жинақтары да көрмеге қойылған. Абай өлеңдері халықты өнерге, білімге, ғылымға шақырады, әрі жанға жайлы, жүрекке жылы тиетін махаббат өлеңдері болып келеді.
Абай өзінің шығармашылығында қара сөзге ерекше мән берген. Абай поэзиясындағы ғылым, білім, еңбек – осы қара сөздерде жалғасады. Көрмеден Абайдың қара сөз болып төгілген оралымды ойларын, өмірлік өсиеттер мен нақылдарын оқи аласыздар.
Абай тек қана ақын емес, сонымен бірге музыкалық шығарма жазған сазгер. Абайдың ән шығармашылығы қазақтың халық музыкасында ерекше орын алады. «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» т. б. әндері әлі күнге халық жүрегінен жылы орын алған. Абайдың бізге жеткен көптеген әсем әндері мен күйлері бар. Бұл туралы көрмедегі «Абайдың әндері мен күйлері», «Абай әуендері», «Абай әндері», «Көзімнің қарасы» және т.б. басылымдарында айтылған.
Орыс және Еуропа мәдениеті арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген Абай А. С. Пушкин, М. Ю. Лермонтов т.б. ақындардың шығармаларын шебер аударып, қазақ әдебиетін жаңа ой орамымен байытты. Мысалы: Пушкиннің "Евгений Онегинінен" бірнеше үзінді-нұсқаларды алып, "Татьянаның хаты", "Ленскийдің сөзі" атты өлеңдерін шығарды. «Абай.Пушкин», З. Ахметов «Абай и Лермонтов», «Абай и Навои» және басқа шығармалар көрмеден өз орнын алған.
Сондай-ақ, көрмеде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ШҚО әкімі Д.Ахметовтің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Абай әлемі» кітап сериясымен жарық көрген облыс ақын-жазушыларының, өлке зерттеушілерінің шығармалары да ұсынылған. Қазақтың ұлы Абайы туған жері Жидебайда жерленді. Қазір сол Жидебайда ақынның өзі тұрған үйде әдеби-мемориалдық мұражайы бар. Мұражай туралы көрмеде «Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайы» кітабы мәлімет береді. «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» – Абай бүгін жарқын бейнесімен де, жалынды жырымен де бізбен бірге мәңгі өмір сүре бермек.
Көрмеге келіңіздер, Абай әлеміне бірге саяхат жасайық!
Статистика
- Қолданушылар : 6
- Материалдар : 2881
- Материалды қарау саны : 26322668
+7(7232) 261-333 |
+7(7232) 609-087 |
director@pushkinlibrary.kz |
ШҚО, Өскемен қаласыҚазақстан к. 102 |



















































































+7(7232) 261-333
+7(7232) 609-087
ШҚО, Өскемен қаласы