"Махаббатсыз дүние бос": дала аңыздарынан
- Подробности
- Создано 15.04.2020 10:42
15 сәуір - "Қозы Көрпеш - Баян Сұлу" күні. Ұлттық ғашықтар күні махаббат пен сүйіспеншілікке арналған. Бұл атаулы күн - ұлттық мәдениетімізге, халқымыздың салт-дәстүрлері мен адамгершілік рухына негізделген жаңа мереке. Неліктен 15 сәуір деуіңіз мүмкін? Өйткені, бұл кез ағаштар бүршігін жарып гүл ашқан, жер дүниенің бәрі жаңарған шағы, бұл күн нағыз көктем шуағын шашып, күн сәулесі барлық адам баласын нұрымен жылындыра бастайтын кезі, яғни, көктемнің нақ ортасы.
Көшпенділер өркениеті табиғи жаратылыспен етене жақын. Ал, Ұлы дала қашаннан көктемде қызғалдаққа толы болған. Міне, осы мезгілде ел қыстаудан көктеуге, одан жайлауға көшкенде жастар танысып, табысып жатады. Сонда қырдың қызғалдағын сүйгеніне сыйлау ерте заманнан бері болған дәстүр. Міне, сол дәстүріміз қайта жаңғырғандай.
Ата-бабамыздың дәстүрі бойынша бұл күні жастар бастаңғы жасаса болады. Ол, әрине үлкендердің рұқсатымен болған. Осындай кештерде құрбы-құрдастар араласып, бір-бірін жақын танып, бой жете бастаған қыздар жағы қонақ күтудің жоралғыларын үйренеді. Ән айтылып, күй шертіліп, ойындар ойналған. Алтыбақан құрылып, махаббат әндері шырқалып, жастар бір-біріне білдіре алмай жүрген сезімдерін тұспалдап жеткізген. Бойжеткендер өз сезімін кестелі орамал сыйлау арқылы білдірсе, бозбалалар "селт еткізер" сыйлықтар, яғни, жүзік, білезік, сырға, моншақ сынды әшекей бұйымдарды сыйлаған. Әрине, сезімін ақ қағазға мағыналы сөз, ұйқасты өлең түрінде жазып та жеткізуге болады.
Махаббат...Сегіз әріп, бір арман...Ия, расында да осы бір ғана сөз адам өмірінің мәніне айналатынына таң қаласың. Қай кезеңде болмасын осы сиқырлы сезімнің дәмін татпаған жан баласы кем де кем шығар. Мысалы, Абай мен Тоғжанды, Баян сұлу мен Қозы Көрпешті, Қыз Жібек пен Төлегенді, Еңлік-Кебек, Ләйлі-Мәжнүн, тағы сол сияқты талай ғашықтарды еске түсіруге болады. Бұлардың махаббаттары ұрпақтан ұрпаққа тарап аңыз болды. Олардың ғашықтық хикаяларын естігенде, шынайы махаббаттың бар екеніне көзің жетеді. Сезімсіз тіршілік иесі — «тұл». Оның ішіндегі пірі «махаббатсыз» адамның адам болып сақталуы екі талай екеніне ешкім дау келтірмесі анық. Ұлы Абай ақын:
Махаббатсыз дүние бос,
Хайуанға оны қосыңдар — деп бекер айтпаған.
"Қозы Көрпеш — Баян Сұлу эпосы" – халқымыздың інжу-маржаны, асыл қазынасы. Бір-біріне қосыла алмаған қос ғашықтың қайғылы махаббатын жырлайды. Жақсылық пен жамандық, дүниеқоңыздық, кек пен ашуға тап болған қос жүрек бір-біріне деген нәзік сезімдерін сақтай білген. Олардың махаббат тарихы осы адалдықтарымен құнды. Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданында орналасқан "Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу" мазары қос ғашықтың адал махаббатының дәлелі іспеттес. Көптеген қазақ жастары үшін махаббат деген ұлы сезімнің шырқау шыңына көтерілген, сертке берік Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу шынайы махаббаттың символына айналды. Қазақтың ең көне мұраларының бірі, лиро-эпостық дастан «Қыз Жібек» жыры - аңыз емес, тарихи оқиға."Қыз Жібек" эпосын махаббат гимні деуге болады. Жырдың негізгі кейіпкерлері - Төлеген мен Жібек бірін-бірі шын сүйген ғашықтар. Қазіргі мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне айналған "Қыз Жібек" жыры кәсіби операға, көркем фильмге негіз болды. 1971 жылы Ғабит Мүсіреповтің сценариі бойынша Сұлтан Қожықов «Қыз Жібек» фильмін түсірді.
Ғашықтар күні қарсаңында махаббат хикаясының тілге тиегі әйгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов пен оның сүйікті жары Халима жайлы болмақ. Ә. Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романы қазақ оқырмандарының ішіндегі ғашық бола білген әрбір жүрек иесінің сүйіп оқитын кітабы бола білді. Ондағы кейіпкерлер, олар арасындағы кіршіксіз сүйіспеншілік, махаббат оқиғалары талай оқырманның көзіне жас алдырғаны белгілі. Шығармадағы Ерболдың Меңтайға деген сүйіспеншілігі, шексіз құрметі бөлек әңгіме. Ал, негізінде бұл романдағы Меңтай образын сомдауда аяулы жары Халиманың болмысы әсер еткендігін жазушы сұхбаттарында да айтады. Ғұмыр бойы берекесін бұзбай, ынтымағы жарасқан қос ғашықтың махаббаты кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық "Мәңгілік махаббат жыры" көркем туынды болып жазылды. Ұлы Абайдың қара сөздері біз үшін артында мәңгіге қалдырған, ешкім өзгерте алмайтын асыл мұра десек, Ә. Нұршайықовтың бұл шығармасы да өз өмірлері арқылы өзгеге үлгі боларлықтай ұлағатқа толы туынды, қазақ әдебиетінде сирек кездесетін шығарма. «Мәңгілік махаббат жыры» басынан аяғына дейін Абайдың қара сөздерінен ұрпаққа ұлағат болып қалған адамгершілік қасиеттерді өмірдің өзінен алып шынайы, ешқандай боямасыз, табиғи бейнелейді.
Махаббат - дүйім дүниенің ең асыл, ең кіршіксіз сезімі болса, ұлы сезімнің шырқау шыңына көтерілген сезімге адал, сертке берік Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу шынайы махаббаттың символы. Олай болса, баршаңызды ұлттық ғашықтар күні "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" күнімен құттықтай отырып, баянды бақыт, мөлдір махаббат серігіңіз болсын деген тілек айтамыз!
Байланысшы: Райхан Жанұзақова
Статистика
- Посетители : 6
- Материалы : 2881
- Количество просмотров материалов : 26327394
+7(7232) 261-333 |
+7(7232) 609-087 |
pushkinlibrary@yandex.ru
|
ВКО, г. Усть-Каменогорскул. Казахстан, 102 |































































+7(7232) 261-333
+7(7232) 609-087
ВКО, г. Усть-Каменогорск